контакт: қабылдау бөлімі 8(7187)34-76-27 тел. 8(7182) 65-22-28 ekb_polik@mail.ru
адрес: Екібастұз қ. Энергетиктер к.,109
Ережелері Кодексі

Павлодар облысы денсаулық сақтау басқармасының ШЖҚ «Екібастұз қ. № 2 емханасы» КМК медициналық қызметкерлерінің этика нормалары,

кәсіби мінез-құлық және қарым-қатынас ережелері

Кодексі

2019 жыл

«Primum non nocere!»    Ең алдымен– қауіп келтірме!

Павлодар облысы денсаулық сақтау басқармасының ШЖҚ «Екібастұз қ. № 2 емханасы» КМК медицина қызметкерінің кәсіби этика Кодексі (әрі қарай Кодекс) медицина қызметкерінің кәсіби қызметін жүзеге асыруда этикалық қағидалары және мінез-құлық ережелері жиынтығын белгілейтін құжат болып табылады.

Осы Кодекс медицина қызметкері, қоғам және пациент арасындағы қарым-қатынасты белгілейді, тұлғаның және тұтас қоғамның құқығын, абыройын, денсаулығын қамтамасыз етуге бағытталған, және де медицина қызметкерінің қоғам алдында өз қызметі үшін жоғары моральды жауапкершілігін анықтайды.

1-    БӨЛІМ      ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

1-бап.  «Медицина қызметкері» түсінігі

Медицина қызметкері ретінде осы Кодексте жоғары және (немесе) орта арнайы медициналық білімі бар, медициналық қызмет көрсету, медициналық-әлеуметтік қызметтер көрсететін профилактикалық іс-шаралар жүргізу саласында және ШЖҚ «Екібастұз қ. № 2 емханасы» КМК жұмыс істейтін мамандар болып табылады.

2-бап. Медицина қызметкерінің кәсіби қызметі мақсаты

Медицина қызметкерінің кәсіби қызметі мақсаты – адамдардың денсаулығын сақтау, өмірін қорғау бойынша шаралар жүргізу, диагностиканың, сақтандырудың, оңалтудың және паллиативтік медициналық көмектің барлық түрлерін сапалы жүргізу.

3-бап. Медицина қызметкерінің принциптері

Медицина қызметкері өз жұмысында азаматтардың денсаулығын қорғау және медициналық көмек алу құқықтарына қатысты Қазақстан Республикасының заңнамаларын басшылыққа алады,міндеттерін дәрігер анты, гуманизм және қайырымдылық ұстанымдарына сәйкес орындайды.

Медицина қызметкері өзінің біліктілігіне сәйкес азаматтардың денсаулығын қорғау ісіне, ең жоғарғы деңгейде оларға көмек көрсету сапасын қамтамасыз етуге барлық күш-жігерін салуы тиіс.
Медицина қызметкері оның жынысына, жасына, ұлтына, нәсіліне, тұратын мекен-жайына, әлеуметтік мәртебесіне, діни және саяси сенім-нанымдарына және басқа да медициналық емес факторларына қарамастан қандай адамға болса да медициналық көмек көрсетуге тиіс.

Медицина қызметкері өзінің кәсіптік білімін, дағдыларын және эрудициясын үздіксіз жетілдіру қажет.

Медицина қызметкері өзінің біліктілігіне, лауазымына және қызметтік міндеттеріне сәйкес барлық мүмкіндіктерінің шеңберінде сапалы және қауіпсіз медициналық көмекті қамтамасыз ету үшін жалпы жауапкершілік, соның ішінде моральдық жауапкершілік алады.

4-бап.  МЕДИЦИНА ҚЫЗМЕТКЕРІНІҢ ЖОЛ БЕРУГЕ БОЛМАЙТЫН ӘРЕКЕТТЕРІ

Медицина қызметкері өзінің кәсіби іс-әрекеттерінде білімін және қызметін өз мүддесіне қолдануға болмайды.
Медицина  қызметкері:
1.  Өз білімін және мүмкіндіктерін адамгершілікке жатпайтын мақсаттарда қолдануға;
2.   Негізсіз медициналық шараларды жүзеге асыруға немесе оларды іске асырудан бас тартуға;
3.  Емделушіні жазалау, сонымен қатар үшінші тұлғалардың мүддесі үшін оған медициналық іс-әрекеттерді қолдануға;
4.  Емделушіге философиялық, діни және саяси көзқарастары бойынша өз пікірін таңуға;
5.  Емделушіге немқұрайлылықпен немесе салақтықпен физикалық, адамгершіліктік, материалдық залал келтіруге және осындай залал келтіретін үшінші тұлғалардың әрекеттеріне селқос  қарауға

құқықты емес.

Медицина қызметкері ем тағайындау кезінде емделушіге қолданыстағы дәрі-дәрмектер, медициналық мақсаттағы бұйымдар туралы дәйексіз, толыққанды емес немесе бұрмаланған ақпаратты беруіне,  сонымен қатар емделушіден төменірек бағаланатын дәрі-дәрмектердің, медициналық бұйымдардың болуы жөніндегі ақпаратты жасыруына құқығы жоқ.

5-бап.    Кәсіби тәуелсіздік.

Медицина қызметкерінің құқығы мен борышы-өзінің кәсіби тәуелсіздігін сақтау.  Жаңа туған нәрестелерге және егде адамдарға, мүгедектерге, әскери қызметкерлерге және азаматтық тұлғаларға, жоғары дәрежелі басшыларға және абақтыдағы тұлғаларға медициналық және әлеуметтік көмек көрсете отырып, өзінің кәсіби шешімі үшін жауапкершілікті толық өзіне алады, сондықтан әкімшіліктен, емделушілерден және басқа да тұлғалар тарапынан болған қандай да бір қысым әрекеттеріне төтеп беруі тиіс.
Егер Қазақстан Республикасының Заңына, этикалық ұстанымдарына, кәсіби борышына қайшы болатын іс-әрекеттер талап етілетін жағдайда  денсаулық сақтау саласының қызметкері қандай да болмасын жеке және заңды тұлғамен бірлесе қызметтесуден бас тартуы тиіс.
Сараптауларға, консилиумдарға, комиссияларға  және т.б. қатыса отырып, денсаулық сақтау саласының қызметкері өзінің ұстанымдары туралы ашық жариялауы, өз көзқарастарын дәлелдеуі,  оған қысым жасалынған жағдайда заңдық қоғамдық қорғауға жүгінуі қажет.

2-БӨЛІМ  ЭТИКАНОРМАЛАРЫ ЖӘНЕ   КӘСІБИ  ЭТИКА

6-бап.  Пациенттің абыройы мен құндылықтарын құрметтеу

Медицина қызметкері пациенттің абыройы мен құндылығын құрметтеуге тиіс, оған және туыстарынаілтипатты және шыдамды қарым-қатынас жасауы тиіс. Пациентке деген дөрекі және адамгершілікке жатпайтын әрекет жасау, оның абыройын таптау, және де кез-келген үстемдіккөрінісі немесе пациенттердің бірін артық көру немесе жақтырмау медицина қызметкері тарапынан жіберуге жатпайтын іс-қимылдар.

7-бап.  Медициналық көмек көрсету шарттары

Медицина қызметкері медициналық көмекті пациенттің еркіндігі мен абыройына ешқандай қысым тигізбей көрсетуі тиіс.

 8-бап.  Медициналық құпия

Пациент медицина қызметкерінің барлық медициналық және оған сенілген жеке ақпаратты құпия сақтайтындығына сенуге құқылы. Медицина қызметкері пациенттің немесе оның заңды өкілінің рұқсатынсыз, зерттеу және емдеу кезінде, медициналық жүгіну дерегін қоса алғандағы мәліметтерді жариялауға құқығы жоқ.

Медициналық құпияны жариялау Қазақстан Республикасының заңнамаларында белгіленген жағдайларда рұқсат етіледі:

1. Пациенттің өзінің айқын жазбаша келісімі бойынша;

2. Өзінің жай-күйіне байланысты өз еркін білдіруге қабілетсіз азаматты зерттеп-қарау және емдеу мақсатында;

3. Айналасындағыларға қауіп төндіретін аурулардың таралу қатері болған кезде;

4. Тергеу немесе сот талқылауын жүргізуге байланысты анықтау және алдын ала тергеу органдарының, прокурордың сұратуы бойынша;

5. Кәмелетке толмаған адамға немесе әрекетке қабілетсіз адамға медициналық көмек көрсету кезінде оның заңды өкілдерін хабардар ету үшін;

6. Азаматтың денсаулығына зақым құқыққа қарсы әрекеттер салдарынан келтірілді деп есептеуге негіздер болған кезде жол беріледі.

7. Әскери-дәрігерлік сараптама туралы ережемен белгіленген, мемлекеттік өкілетті атқарушы органмен бекітілген тәртіпте әскери-дәрігерлік сараптама жүргізу мақсатында жол беріледі.

3-БӨЛІМ Кодекстің қолданылу шегі және оны бұзғандығы үшін жауапкершілік 

9-бап  Кодекстің қолданылу шегі

Аталған Кодекс ШЖҚ «Екібастұз қ. № 2 емханасы» КМК барлық құрылымдық бөлімшелері шегінде қолданылады және барлық медициналық қызметкерлері үшін күші бар.

 10-бап  Этика кодексін бұзғаны үшін жауапкершілік

Медицина қызметкерлерімен этика кодексін бұзғаны үшін жауапкершілік деңгейі ШЖҚ «Екібастұз қ. № 1 емханасы» КМК   медициналық қызмет сапасын басқару Кеңесінің жанында құрылған медициналық этика жөніндегі комиссиямен, оның отырысында емхана бірінші басшысының қатысуымен:

1. ескерту;

2. сөгіс;

3. қатал сөгіс

ретінде анықталады.

11-бап  Лауазымдық нұсқаулықтарды орындау

Әр медицина қызметкері лауазымдық нұсқаулықтың талаптарын жақсы білуі және орындауы тиіс. Бұл жұмысында жіберілетін олқылықтарды  азайтуға, әр медицина қызметкерімен әрқайсысының міндеттерін қосарланып атқару  мүмкіндігін төмендетуге жағдай туғызады. Әр медицина қызметінің адал жұмысы ұжымның жалпы жетістігіне әсер етеді.

12-бап  Медициналық  деонтология.

Емхана медицина қызметкері, өзінің атқаратын жұмыстарынан басқа (емдеу, диагностика, сақтандыру, медициналық-әлеуметтік және т.б.) медициналық этика мен адамгершіліктің негізгі принциптерін сақтау талаптарына сәйкес келетін медициналық деонтологияны сақтауға міндетті.

5-БӨЛІМ  Дәрігерлер үшін ерекше этика ережелері

13-бап. Дәрігер және оның жеке көзқарасы мен пікірі

Дәрігердің пациентке өзінің философиялық, діни және саяси көзқарасын зорлап міндеттеуге құқы жоқ. Дәрігердің жеке қате түсінігі және басқа кәсіби емес мотивтері пациентке әсерін тигізбеуі қажет.

14-бап. Дәрігердің өз іс-әрекетіне жауапкершілігі

Әр дәрігер өз шешімі мен іс-әрекетіне жауапты. Дәрігер емделушінің отбасылық және жеке өміріне араласпауы керек. Дәрігер азаматтардың өмірі мен денсаулығын қамтамасыз ету мүддесінде емдеу және профилактика әдістері мақсатында соқыр сенім сипатындағы амалдарды насихаттамауы және қолданбауы керек.

15-бап.Дәрігер және пациент

Дәрігер жасына, жынысына, ұлтына, діни сеніміне, азаматтығына, шығу тегіне, әлеуметтік және мүліктік жағдайларына, қоғамдағы әртүрлі беделі бар ауру адамдардың саяси көзқарастарына қарамастан  емдеу-диагностикалық шаралардың барлық кешенін адал орындауға міндетті.

Дәрігер пациенттің қадір-қасиеті мен намысын құрметтеп, емдеу кезінде оның жеке басының ерекшелігін ескеруі тиіс; пациенттің денсаулық жағдайы қамын ойлауына түрткі болуы тиіс; оның жеке өміріне құрметпен қарауға тиіс.

Дәрігердің пациенттің басқа дәрігерді таңдауына кедергі жасауына құқығы жоқ.

Дәрігер пациентпен қарым-қатынасын өзара сенімділік пен жауапкершілік негізінде құруы тиіс. Дәрігер пациентке денсаулығы жағдайы туралы шынайы ақпаратты тілектестікпен беруі тиіс;пациентке қолданыстағы емдеу және тексеру әдістерінің кемшіліктері мен артықшылықтарын, ықтимал ушығу жағдайларын ескере отыра, медициналық әрекеттердің жоспарын түсінікті түрде жеткізуі тиіс.

Дәрігердің пациент алған ақпаратпен қанағаттандырылғанына көзі жетуі тиіс.

Егер пациенттің психикалық жағдайы сенімді қарым-қатынас құру мүмкіндігін туғызбаса, онда оның заңды өкілімен құру қажет.

Дәрігер кез келген жағдайларда науқастың ауру азабын жеңілдетуге тиісті; оны моральды қолдауға мен диагностикалық және емдеу шараларын жүргізуде орынсыз табандылықтан аулақ болуы тиіс.

Дәрігердің пациенттің психологиялық күй-жайын пайдаланып, онымен мүліктік шарттар жасасуға, оның еңбегін жеке мақсатта қолдануға, парақорлық пен және бопсалаушылықпен айналысуға құқығы жоқ.

16-бап. Дәрігер және бала

Дәрігер кәмелетке толмаған балаға немесе қамқоршысының қарауындағы пациентке медициналық көмек көрсету кезінде  баланың ата-анасының немесе заңды өкілінің келісімін алуға тиіс.

Дәрігер, егер айналасындағылар баланың денсаулығы проблемаларын дұрыс түсінбейді немесе денсаулығын қажетті түрде сақтамайды деп санаса, онда баланың құқығын заңды түрде қорғауы тиіс.

6-бөлім Мейірбикелер үшін ерекше этика ережелері

Емхана қызметінде мейірбике этикасы ролінің маңыздығын ескере отыра, Кодекске мейірбикенің кәсіби қызметінің нақты адамгершілік бағдарлары бар, қоғамдағы бике мамандығының абыройы мен мәртебесін көтеруге жағдай жасайтын ерекше этика ережелері енгізілген.

17-бап. Мейірбике және пациенттің сапалы медициналық көмек алуға құқығы

Мейірбике әр адамның физикалық және психикалық денсаулығына және медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шегінде дәлме-дәл медициналық көмек алуға ажыратылмайтын құқығын құрметтеуге тиіс.

Мейірбике пациентке адамгершілік принциптері мен кәсіби стандарттарына сай келетін сапалы медициналық көмек көрсетуі тиіс. Мейірбике пациенттер, әріптестері және қоғам алдында өз қызметі үшін моральдық жауапкершілік алады. Мейірбикенің кәсіби және этикалық міндеттері, өз құзыреті шарасында, көмек керек болса, кез келген адамға жедел жәрдем көрсету.

18-бап.  Пациентке адамгершілікпен қарау, оның заңды құқықтарын құрметтеу

Мейірбике пациенттің қайғысын бәріненде артық қоюы және оның өміріне  құрметпен қарауы керек.

Мейірбике, өз құзыреті шегінде, халық денсаулығы және Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау жүйесі туралы Кодексте бекітілген пациенттің құқықтарын қамтамасыз ету үшін  жауапты.

19-бап. Мейірбике және оның әріптестері

Мейірбике әріптестерімен өзара қарым-қатынаста адал, әділ, тілектес, тәртіпті болуға тиіс, олардың білімі мен тәжірибесіне, емдеу үдерісіне қосқан үлестеріне құрметпен қарауы керек.

Мейірбике, өзінің білімі мен тәжірибесі шарасында, мамандығы бойынша әріптестеріне, олардың тарапынан да сондай көмек алуға  сеніп, көмектесуге міндетті.

          Мейірбике өз мамандығының ежелгі дәстүрін – әріптесіне медициналық көмекті тегін көрсетуді құрметтеуге міндетті.  Әріптесінің беделін түсіру жолымен  өзінің беделге ие болу әрекеті этикаға жатпайды.

7-бөлім Әлеуметтік қызметкерлер үшін ерекше этика ережелері

Емханадағы әлеуметтік жұмыс адамның медициналық-әлеуметтік қажеттілігін қанағаттандыру бойынша қызметтер түрлерінің (ерікті қызмет түрін қоса алғанда, кәсіби және кәсіби емес) жиынтығын құрайды. Әлеуметтік қызметкер этика принциптерін ғана қадағалауға тиісті емес, сонымен бірге өзінің практикалық жұмысында басшылыққа алатын жоғары адамгершілік (моральдық) қасиеттерге ие болуы тиіс.

21-бап.Әлеуметтік қызметкер және оның жұмыс принциптері

1.    Адам қандай болса да, сол қалпында қабылдау керек: ешқандай жеке қасиеттері, дене кемшіліктері және психикалық ауытқулары оны кемісітушіліктің себептері болмауы керек.

2.    Бірлескен қызметтің кез келген кезеңінде клиенттің өз бетімен шешім қабылдау құқығын құрметтеу:әлеуметтік қызметкер клиентке олардың қызмет жоспарымен келісуінсіз көмек көрсете алмайды. Клиент өзінің көзқарасын, позициясын, пікірін өзгертуге құқылы.

3.    Әлеуметтік қызметкердің пациентпен қызметтестік құпиялылығы:

Құпиялы ақпарат болып (сенімді, таратуға жатпайтын) клиенттің өміріне, денсаулығына, емделуіне, оның жеке қасиеттері мен проблемаларына қатысты барлық ақпарат есептелінеді.Кез келген ақпаратты клиенттің рұқсатымен, тек оның проблемаларын шешуге қатысы бар адамдарға ғана беруге болады.

4.    Пациентке оның мүддесіне қабылданатын әрекеттер туралы беретін ақпарат нақты және толық болуы керек: пациенттің құқығын қорғау принциптерін сақтау проблемаларын шешуге шара қолдану мақсатымен медициналық-әлеуметтік көмек алу үшін өтініш берген адамға әлеуметтік қызметкердің ақпарат беру міндетін шарттайды.Пациенттің оның қатысуымен немесе қатысуынсыз болжалды қолданылатын барлық әрекеттер туралы білуге толық құқығы бар.

5.    Әлеуметтік қызметкердің жеке адалдығы, мемлекеттік медицина мекемесінің өкілі ретінде оның кәсіби қызметінің сапалылығы мен тиімділігіне кепіл болу қажет.

22-бап. Әлеуметтік қызметкер және оның әріптестеріне қатысты мінез-құлық этикасы

Әлеуметтік қызметкер міндетті:

1.    Емхананың барлық қызметкерлеріне құрметпен қарауға;

2.    Қызметі бойынша әріптестерінің әртүрлі пікірлерін құрметтеуге;

3.    Әріптестерінің кеңесі мен консультацияларына, егер олар жалпы іс мүддесіне пайдаланса, құлақ қоюға.